Бір күйіңде бір дәуір сойлейтұғын
Arqau.net

Бір күйіңде бір дәуір сойлейтұғын 

 ( Нұрымбай Сүлейменұлының 70 жылына орай)

    2025 жылдың сол бір 2 желтоқсан қаралы күнді Алтай тауының ақ мамыққа оранған қойнауында ұзаттым. Дәмдес, сырлас, аға дос болған, өмір бойы қазақтың күй өнері деп тыным алмаған Нүкеңнің қазасы бір шаңырақтың ғана қайғысы емес еді.

Нұке аға, енді арамыз жылынбай ма?

Күй жеткізді алысқа, үніңді айға.

Бір күйіңде бір дәуір сөйлейтұғын,

Сыйғыза алмай отырсам жырымды ойға!

Бозадырдың басынан боздаса күй,

Ақ өркештеп құйылған терең сайға!

Ал, Текестің тентектеу иірімдері,

Домбыраңнан күй болып ағылмай ма?

«Дала сыры» – даламның ескерткіші,

Қара жон, Тегірек пен Қорылдайға!

Екі Құштай қанбаған жан құмары,

Барлық жер Қара жонның жонындай ма?

Қарадала төсінде «Қарт толғауы»,

«Қайран әке» – жып-жылы тоның қайда?

Қала берді бір ғұмыр күйге айналып,

Қулық бие қайтадан құлындай ма?

Әр қағысың өмірдің әр сәтіндей,

Күйден қымбат жоқ еді Нұрымбайға!

Сол күні осы шағын шұбырған ұйқас жыр жолдарымен өзіме өзім көңіл айтыппын....

     Иә, Нүкең екеуімізді  соншалық жақын, аға-бауырдай, тіпті құрдастай етіп жіберген өнердің құдіреті болса керек. Кейде әзілдесіп, тартысып та алатын едік. Нүкең шертуден, мен тыңдаудан жалыққан емеспін. Арамызды жалғаған әуелі күй, одан кейін таза қазақы болмыс, адамды жатсынбайтын өжет мінез, күй соңынан жалғасып айтылатын ел мен жердің шежіре тарихы болатын.

     Күйшімен алғашқы таныстық досым Думан Бәзілжанұлы арқылы студент кезімде басталған. Ол Дүкеңнің Нүрбүбіге «Үйлеріңнің жағасында бұлақ бар» деп хат жазып, өлең арнап жүрген шағы. Келесі жүздесу Үрімжі қаласында болды. Менің «Шарапат» бағдарламасына жұмысқа тұрғаныма ұзақ болмаған кез. Бәсеңкелер жағынан:

– Нұрымбай Сүлейменұлымен сұхбатта боласың, – деген бұйрық топ ете түсті. Енді қайтем дегендей, ұстазым Ләззат Оразханқызына жалтақтай беріппін.

– Ләззат апай:

– Қуаш, Қизат (күйші Қизат Сейтқазыұлы) ағаңнан кейінгі үлкен сынау болайын деп тұр. Бұдан да өтесің, – деп жымиды.

Әлі есімнен кетпейді. Теледегі алғашқы сапарым Тарбағатай аймағы, Толы ауданынан басталды. Өнердің бір-бір тау тұлғалары – күйші Қизат Сейтқазин, жазушы Ғаббар Біләлұлы, ақын Керейғазы Нұрсадықұлы – тұсауымды кескен еді. Ұстазымның айтып отырғаны сол.

    Осы жолы Нұрымбай Сүлейменұлы көптеген халық күйлерін шығу тарихы, аңыз-әңгімесімен айта отырып, нақышына келтіре шертіп берді. Теледе таратылғаннан кейін көрермен қауымнан алғысты қоңыраулар мен ыстық ықыласты хаттар келді. Осылайша, Нүкең алтын қорға көп қазына қалдырған еді!

Нұрымбай Сүлейменұлы күйші ғана емес болатын. Естігені, көргені көп, оқығанын көкірегіне тоқыған, оны сауатты түрде жеткізе алатын. Әсіресе Іле өңіріне қазақтардың, соның ішінде қызай елінің қоныстану барысын жақсы сөйлейтін. Менің Сасан бидің мөрін деректеп, Әсеттің домбрасын іздеуіме, «Бейжыңкер ат» туралы пьеса жазуыма Нұрымбай аға түрткі болған-ды.

    Алып Тәңір тауының сонау баурайында сулары күй шертіп, нулары ән салып жатқандай сезілетін, табиғатына қарасаң, он сегіз мың ғаламның сұлулық керуені қонып қалғандай бір мекен бар. Ол Текес деп аталады. Қай бір шығарманың да жаны көркемдікте жатыр. Ендеше, көркем жерден көркем ел тамыр алып, таланттар жапырақ жаяды. Айталық, Қожеке Назарұлы, Егінбай Алтыбайұлы, Мұқаметжан Сабырбекұлы, Жабықай Қатаұлы, Шамғұын Жүнісбекұлы, Дәулет Мазақұлы, Досмырза Қайырбекұлы, Нұрымбай Сүлейменұлы, Әкима Досмырзаұлы, Жүмәлік Жақыпбекұлы, Тұрсынжан Бәзілханұлы, Гүлбақыт Әбдуәлиқызы, Құрманжан Зікіряұлы, Нүрбүбі Нұрымбайқызы қатарлы күйші, композиторлардың Текес ауданынан шығуы таңданарлық емес пе? Бұл есімдер Шыңжаңдағы күй өнерінің дамуына өте үлкен негіз қалаған, үлес қосқан тұлғалар. Әрине, осы шоғырдың алдыңғы қатарында Нұрымбай Сүлейменұлы болды.

    1956 жылы Текес ауданына қарасты Қарадала ауылында дүниеге келген Нұрымбай Сүлейменұлының алғашқы ұстазы әкесі Сүлеймен Сәнгеұлы болған. Қазақтың қарақурай сыбызғысын нақышына келтіріп тартатын, домбырада да шебер ойнайтын өнерпаз әке Нұрымбайды алты жасқа толысымен-ақ домбыраға үйір қыла бастайды.

– Алғашында, әкемнің «Бұғының шақыруы», «Ақ айғырдың азынауы» қатарлы сыбызғы күйлерін домбыраға түсіріп тарта бастадым, – дейді Нүкең бір әңгімесінде.

    Оның күй тарту және күй шығармашылық жолы дәл осыдан бастау алып жатқандай. Себебі Нүкең туындылары, тартқан күйлері де сыбызғы табиғатына жуық келеді. Күйші әуелде сыбызғы сарынын көбірек сіңіріп, сыбызғы күйлерін ұстаз тұтса керек. Бұл оның күй орындау шеберлігінен де байқалады. Шыңжаңда Алтын саусақ күйші Дәулет Халықұлы, дауылпаз күйші Қизат Сейтқазин қағыстары бір төбе болса, Нұрымбай Сүлейменұлының алақанды науалап, сұқ саусақ пен ортаңғы саусақ арқылы іліп, термелеп қағатын орындау шеберлігі ғылыми деңгейде тұрақтандырылуға тиіс үлкен тақырып.

     Қазақтың күйшілік өнерінде Батыстың төкпе күйі мен Арқа, Жетісу, Алтай, Тарбағатай, Іле өңірлерінде шертпе күй дәстүрі қалыптасқаны айтылып та, жазылып та келеді. Шығыс шертпе күй мектебі өкілдері: Бейсенбі Дөненбайұлы, Қожеке Назарұлы, Қайрақбай Шалекенұлы, Әшім Дүңшіұлы қатарлы тұлғалардан бастау алады. Сол Шығыс шертпе күй дәстүрінде төкпелік ерекшеліктердің пайда болуы 1955 жылдан кейін Тайыр Белгібайұлының («Жаңа шабыт»), Әліпбек Мәлікұлының («Екпін», «Іле тұлпары») туындылары арқылы пайда бола бастағаны байқалады. Қарап отырсақ, осыдан кейін Шыңжаң қазақтарының күй өнері шертпе, төкпе дәстүрді сақтай отырып, аралас қағыстармен үздіксіз дамып отырған. Күй өнерінің осы салқар көшінде Нұрымбай Сүлейменұлы шаңырақ салған атандай көзге дара шалынады.

    Нұрымбай шығармаларының өзегі – сағыныш. Нүкең күй тартса, жан-тәнімен беріліп, терең толғаныспен, сағыныш бесігінде тербеле отырып орындайтын. Ал шығармалары да сағыныш, аңсау, бұйығы мұң мен махаббат. «Қайран әке», «Қарт толғауы», «Дала сыры» (күй-поэма), «Ыстық ұя», «Атамекен», «Сағыныш», «Ана мейірі», «Ғасыр аунаған» сияқты күйлері бұл сөзімді растайды. Бізге қалған, сізге де арман сол сағыныш. Нүкеңнің паспортындай болып кеткен «Қайран әкені» шерткен боламыз. Ол иесін іздейді....

Қуаныш Ілиясұлы

26.09.2026  

   Астана қаласы

Arqau ұсынды